43-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Ехоба бізді қалай күшейтеді?
“Құдайдың өзі. . . сендерді нығайтып, күшейтеді, негіздеріңді берік етеді” (ПЕТ. 1-Х. 5:10).
38-ӘН Құдай саған күш береді
АҢДАТПА a
1. Ежелде Ехобаның қызметшілеріне күш қайдан біткен?
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ Ехобаның адал қызметшілері көбіне мықты адам ретінде сипатталған. Бірақ ең күшті дегендерінің өзі кейде өздерін әлсіз сезінген. Мәселен, Дәуіт бірде “таудай мықты” боп тұрса, басқа бір кезде “қорқып дірілдеген” (Зәб. 30:7). Ал Самсонның бойына Ехобаның киелі рухының арқасында қара күш біткен. Бірақ Ехобаның күшінен айырылып қалғанда ол әлсіреп, “кәдімгі адам сияқты болып” қалған (Би. 14:5, 6; 16:17). Демек, бұл кісілер бір Ехобаның демеуімен ғана мықты бола алған.
2. Пауыл неге “әлсіз кезімде күштімін” деген? (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10).
2 Ехобаның күшіне зәру екенін елші Пауыл да мойындаған (Қорынттықтарға 2-хат 12: 9, 10 оқыңыз). Бәріміз сияқты ол да аурумен арпалысқан (Ғал. 4:13, 14). Кейде өзінің дұрыс әрекет ете алмағанына қынжылған (Рим. 7:18, 19). Алдан не күтерін білмей, уайым мен шарасыз күй кешкен кездері де болған (Қор. 2-х. 1:8, 9). Бірақ әлсіз кезінде де Пауыл күшті бола алды, өйткені Ехоба оған бәріне төзе алатындай күш беріп, нығайтты.
3. Бұл мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз?
3 Ехоба бізге де күш беріп, нығайтамын дейді (Пет. 1-х. 5:10). Бірақ бұл күш біздің бойымызға өздігінен бітпейді. Біздің де тараптан әрекет болу керек. Көлікті алсақ, оны алға тартатын күш — қозғалтқыш. Бірақ жүргізуші газды баспаса, көлік ешқайда да жүрмейді ғой! Сол сияқты Ехоба да бізге күшін беруге асық, бірақ оның пайдасын көру үшін біз әрекет етуіміз керек. Ендеше, Ехоба бізді нығайту үшін не беріп жатыр? Оның күшіне ие болу үшін біз не істеуіміз керек? Бұның жауабын Ехобадан күш алған үш кісінің оқиғасынан білеміз. Олар Жүніс пайғамбар, Исаның анасы Мәриям және елші Пауыл. Қазіргі таңда Ехоба өз қызметшілерін қалай нығайтып жүргенін де көреміз.
ДҰҒА МЕН ЗЕРТТЕУДЕН КҮШ АЛЫҢЫЗ
4. Ехобадан күш алу үшін не істеуіміз керек?
4 Ехобадан күш алудың бір жолы — дұға ету. Дұға етсек, Ехоба бізге “адам күшінен асқан күш” береді (Қор. 2-х. 4:7). Ехобаның Сөзін оқып, тереңінен ой жүгірткен кезде де әжептәуір нығайып қаламыз (Зәб. 86:11). Өйткені оның Киелі кітаптағы бізге айтқан сөзінің “әсері күшті” (Евр. 4:12). Ехобаға дұға айтып, Сөзін оқысаңыз, сіздің табанды болуға, қуанышыңызды сақтауға әрі қиын істі атқаруға күшіңіз болады. Ал қазір Ехоба Жүніс пайғамбарды қалай нығайтқанына көңіл бұрайық.
5. Жүніс неге әлсіреп қалды?
5 Жүніс пайғамбардың бойынан күш кетіп, әлсіреген кезін еске алайықшы. Ол Ехобаның тапсырған ісін қиын көріп, қашып кетеді. Соның кесірінен ол сұрапыл дауылдан өле жаздап, тіпті қасындағы кісілердің өмірін қатерге тікті. Теңізшілер оны суға лақтырып жібергенде, оны алып балық жұтып қойды. Балықтың құрсағы өте қорқынышты жер болған шығар. Жүніс не күй кешті екен? Өмірім осы жерден үзіледі деп ойлады ма? Бітті, Ехоба мені тастап кетті деген де шығар. Осылай Жүністің шыбын жаны алқымына тығылып, санасын сан түрлі уайым торлағаны сөзсіз.
6. Жүніс 2:1, 2, 7-ге сай, балықтың ішінде жатқан Жүніс пайғамбар күшті қайдан алды?
6 Теңіз тұңғиығында жападан жалғыз жатқан Жүніс неден күш алды? Ол Ехобаға дұға айтты (Жүніс 2: 1, 2, 7 оқыңыз). Құдайдың тілін алмай кетсе де, Ехоба өзін кішірейтіп, шын өкінген адамның дұғасын тыңдайтынына сенімді болды. Сонымен қатар Жүніс Жазбалардағы сөздер жайлы ой жүгірткен. Жүніс кітабының 2-тарауындағы дұғасынан байқасақ, ол дәл Зәбүр жырларында кездесетін сөздерді айтқан (Мысалы, Жүніс 2:2, 5 пен Зәбүр 69:1; 86:7 салыстырыңыз). Демек, ол осы тармақтарды өте жақсы білген. Жаны азаптанып жатса да, сол сөздер туралы ойланған кезде, Жүністің көңілі жайланып, Ехобаның көмексіз қалдырмайтынын түсінді. Түбінде Ехоба оны құтқарып алды. Жүніс енді Құдайдың берген тапсырмасын мойнына алып, орындауға дайын болды (Жүніс 2:10—3:4).
7, 8. Қиыншылықтарда Тайваньдағы ер бауырласымыз қайдан күш алады?
7 Басымыздан ауыр сынақтар өтіп жатса, біз Жүніске еліктей аламыз. Мысалы, Тайваньда тұратын Чимин b есімді ер бауырласымыздың ауыр сырқаты бар. Ол аздай, сенімі үшін отбасы оған қорлық көрсетеді екен. Бірақ ол дұға және зерттеу арқылы Ехобадан күш алады. Ол былай дейді: “Қиыншылықтар туғанда мен кейде уайымға шырмалып, жанымды қоярға жер таппай қаламын. Бұндай күйде жеке зерттеу қиын”. Бірақ ол еш берілмейді. “Мен алдымен дұға айтып аламын да, құлаққабымды киіп, Патшалық әндерін тыңдаймын. Ал кейде жаным тағат тапқанша, сол әндерді жай дауыспен шырқаймын. Содан кейін зерттеуге кірісемін”,— дейді Чимин.
8 Жеке зерттегеннің арқасында Чимин күтпеген сынақтарда да мықты бола алды. Бірде оған бір күрделі ота жасалған соң, медбике оның гемоглобині қатты төмендеп кеткендіктен, қан құю керек болуы мүмкін екенін айтты. Чимин болса осы ота алдында дәл өзінікіндей ота жасатқан әйел бауырлас туралы оқыған болатын. Оның гемоглобині Чиминдікінен де төмен болса да, ол қан құйдырудан бас тартқан екен. Әрі отадан кейін беті бері қараған. Осы оқиға Чиминнің күш-жігерін қайрап, ол адал болып қала алды.
9. Қиындықтар кезінде әлсіреп қалсаңыз, не істесеңіз болады? (Суреттерді де қараңыз.)
9 Қиыншылықтар кезінде уайымның тұңғиығына батып, дұрыс дұға ете алмай қалатын кезіңіз бола ма? Оқып-зерттеуге де әл-қуатыңыз жетпей тұратын шығар. Мұндайда Ехоба сіздің халіңізді толықтай түсінеді. Сондықтан дұғада бір-екі ауыз сөз айтсаңыз да, ол сізді естіп, дәл керегіңізді береді (Ефес. 3:20). Жаныңыз я тәніңіз ауырып тұрғандықтан оқып-зерттеуге шамаңыз жетпей жатса, Киелі кітап пен әдебиеттеріміздің аудиожазбасын тыңдап көрсеңіз болады. Сондай-ақ біздің әндеріміз де, jw.org сайтындағы бейнероликтер де сізге күш береді. Ехобаға дұға айтып, жауабын ол беріп отырған рухани шаралардан іздер болсаңыз, оның сізді нығайтуына жағдай жасайсыз.
БАУЫРЛАСТАРДАН КҮШ АЛЫҢЫЗ
10. Бауырластар бізді қалай нығайтады?
10 Ехоба бізді бауырластар арқылы да нығайтады. Басымызға сынақтар туғанда я қандай да бір қиын жауапкершілікті атқарып жатқанда олар бізге “тірек” болады (Қол. 4:10, 11). Әсіресе “қиын шақта” біз достарымызды керек етеміз (Нақ. с. 17:17). Олар бізге іс жүзінде жәрдем береді, көңіл бөледі және рухани көмек береді. Қазір өзгелер Исаның анасы Мәриямға қалай күш беріп, нығайтқанын білейік.
11. Мәриям не себепті күш-жігерге зәру болды?
11 Мәриям Ехобаның еркін орындау үшін күш-жігерге мұқтаж болды. Жәбірейіл періште келіп, иығына үлкен жауапкершілік артқанда, ол “бұл менің қолымнан келер ме екен” деп қатты абыржыған болар. Тұрмысқа шықпаған болса да, періште оған бала көтеретінін айтты. Ешқашан бала тәрбиелемеген ол Мәсіх болатын баланы қалай өсіреді?! Оның үстіне, ешқандай еркекпен жақындаспаса да, жүкті болатынын болашақ күйеуі Жүсіпке қалай түсіндіреді? (Лұқа 1:26—33).
12. Лұқа 1:39—45 тармақтарда айтылғандай, Мәриямның бойына қалай күш-қуат бітті?
12 Ешқашан, ешкімде болмаған осындай жауапкершілікті орындау үшін Мәриям қайдан күш алды? Ол өзгелердің көмегіне жүгінді. Алдымен, Жәбірейілден осы тапсырманың мән-жайын сұрап алды (Лұқа 1:34). Содан соң туысы Елізабетке бару үшін сонау Яһуда жеріндегі “таулы өңірге” сапар шекті. Бұл өте дұрыс шешім болды. Елізабет Мәриямды мақтап, Ехобаның қозғау салуымен оның туатын сәбиі жайлы пайғамбарлық айтты (Лұқа 1:39—45 оқыңыз). Сол кезде Мәриям Ехобаның “өз қолымен құдіретті істер жасағанын” айтты (Лұқа 1:46—51). Осылай Ехоба Жәбірейіл мен Елізабет арқылы Мәриямның бойына күш бітіріп, нығайтып тастады.
13. Боливиядағы әйел бауырлас қауымдағылардан көмек сұрағанның қандай пайдасын көрді?
13 Мәриямның жағдайындағыдай, бізді де бауырластар нығайта алады. Боливияда тұратын Дасури есімді әйел бауырласымыз осыған мұқтаж болған. Әкесі емі жоқ ауруға шалдығып, ауруханаға түскенде, Дасури оған қарап, қасында болады (Тім. 1-х. 5:4). Сол кездері өзінің қалай қиналып кеткенін айтып, Дасури былай дейді: “Болды, бұдан әрі шыдай алмаймын деген ой маған жиі келетін”. Ол басында бауырластардан көмек сұрамапты. “Мен бауырластарыма масыл болғым келмеді. Маған көмектесетін Ехоба деп ойладым. Бірақ өзімді өзгелерден алыстатқанның кесірінен мен проблемаларыммен жалғыз күресіп жатқанымды түсіндім”,— дейді ол (Нақ. с. 18:1). Сөйтіп, Дасури бірнеше досына өз жағдайын түсіндіріп хат жазады. “Аяулы бауырластарым қалай рухымды көтеріп, бойыма жігер құйғанын білсеңіздер ғой. Олар ауруханаға тамақ алып келді, жаныма азық болатын Киелі кітап тармақтарымен бөлісті. Өзімнің жалғыз емес екенімді сезінгенде ішім жылып, елжіреп кеттім. Біз бәріміз Ехобаның үлкен бір отбасымыз. Бауырластарымыз қол ұшын созуға, жыласақ, бірге жылауға, күрессек, бірге күресуге дайын”,— деді ол.
14. Неге ақсақалдардың көмегін қабылдауымыз керек?
14 Ехоба бізге тағы ақсақалдар арқылы да күш береді. Олар бізге күш-қайрат сыйлап, жанымызды сергітетін Ехобаның сыйлары (Ишая 32:1, 2). Сондықтан бойыңызды уайым меңдеп, мазасыз күй кешіп жүрсеңіз, ақсақалдарға айтыңыз және олардың ұсынған көмегін қуана қабылдаңыз. Өйткені Ехоба солар арқылы сізді мықты етеді.
ҮКІЛІ ҮМІТІҢІЗДЕН КҮШ АЛЫҢЫЗ
15. Мәсіхшілердің қазынаға балайтын қандай үміті бар?
15 Киелі кітапқа негізделген үмітіміз де — біздің күш-қуатымыздың қайнары (Рим. 4:3, 18—20). Әрқайсысымыздың өте құнды үкілі үмітіміз бар: жұмақ орнаған жерде не көкте мәңгі өмір сүру. Сол үміт бізге сынақтарға төзуге, ізгі хабарды жариялауға және қауымда әртүрлі істі атқаруға күш береді (Сал. 1-х. 1:3). Бұл үміт елші Пауылдың да жанына жалау болған.
16. Пауылға неге күш-қуат керек болды?
16 Пауыл күш-қуатқа зәру болды. Ол үшінші миссионерлік сапарында қорынттықтарға хат жазғанда, өзін нәзік қыш ыдысқа теңеген. Өзінің жан-жақтан “қыспақталғанын”, “абыржығанын”, “қуғындалғанын” және “құлатылғанын” жазған. Оның өмірі қыл үстінде тұрған кездері де болған (Қор. 2-х. 4:8—10). Осы сөздерді жазып жатқанда, Пауыл көрер тауқыметінің мұнымен бітпейтінін білмеген шығар. Кейін оған ашулы тобыр тап берді, тұтқындалды, кеме апатына ұшырады және түрмеге түсті.
17. Қорынттықтарға 2-хат 4:16—18 тармақтарға сай, Пауыл сынақтарға төтеп беретін күшті қайдан алды?
17 Пауыл үмітіне назар тігіп, содан күш алғанның арқасында қиындықтарына төзе алды (Қорынттықтарға 2-хат 4:16—18 оқыңыз). “Тәні тозып”, әлсіресе де, ол бұған еш мойымаған. Өйткені оның бар ойы болашақта болған. Пауыл үшін көкте мәңгі өмір сүру үміті “әлдеқайда зор”, ерекше бағалы болған. Соған жету үшін кез келген қиындыққа төзуге дайын болды. Үміті жайлы ойланып жүргендіктен, оның жан дүниесі “күн сайын жаңара түскен”.
18. Келешекке деген үміт Тихомир мен отбасына қалай күш беріп жүр?
18 Болгарияда тұратын Тихомир бауырласымызға үміті зор күш береді. Оның Здравко деген інісі бірнеше жыл бұрын оқыс оқиғадан қаза болған. Сол кезде оның жүрегі қарс айырылып, біраз уақытқа дейін өз-өзіне келе алмай жүреді. Қайғыларын сәл де болса жеңілдету үшін Тихомир отбасымен бірге қайта тірілудің қалай болатынын елестеді. “Біз Здравкомен қай жерде кездесеміз, оған қандай тамақ пісіріп береміз, оны қарсы алатын күні кімді қонаққа шақырамыз, оған соңғы күндер жайлы не айтып береміз, соның бәрін ойластырып, талқылаймыз”,— дейді ол. Осы үміттерін үнемі ойда ұстағандары Тихомир мен отбасына соңына дейін табанды болуға, Ехоба Здравконы қайта тірілтетін уақытты шыдаммен күтуге күш береді екен.
19. Үмітіңізді қалай жалындата аласыз? (Суретті де қараңыз.)
19 Олай болса, үмітіңізді қалай жандандырсаңыз болады? Жердегі жұмақта өмір сүруге үміттенсеңіз, Киелі кітаптағы жұмақ туралы тармақтарды оқып, ой жүгіртіңіз (Ишая 25:8; 32:16—18). Жаңа дүниедегі өмірдің қандай болатынын, өзіңіздің сонда жүргеніңізді елестетіңіз. Қасыңызда кімдер бар? Не естіп тұрсыз? Не сезініп тұрсыз? Қиялыңызды ұштап, санаңыздағы жұмақ бейнесіне жан бітіру үшін, әдебиеттеріміздегі жұмақтың суреттерін қараңыз. Я болмаса сайтымыздағы “Жаңа дүниеге жетелеген үміт”, “Өмір біз аңсаған”, “Иә, көз алдымда” деген бейнебаяндарды көрсеңіз болады. Жаңа дүниедегі өмірді еш ұмытпай, көз алдымызда ұстап жүрсек, мына дүниедегі қиыншылықтарымыз “уақытша әрі жеңіл” болады (Қор. 2-х. 4:17). Осылай Ехобаның сыйлаған үміті сізді нығайтып, күш береді.
20. Әлсіреп жатсақ та, күшті қайдан ала аламыз?
20 Көргеніміздей, әлсіреп жатсақ та, Ехоба “бізге күш сыйлайды” (Зәб. 108:13). Ехоба сіз үшін одан күш алудың бар қамын жасап қойған. Ендеше, қандай да бір жауапкершілігіңізді атқару қиын болып жатса, сынақтардан өтіп жатсаңыз я қуанышыңызды сақтау қиын болса, Ехобаға шын жүректен дұға етіп, жеке зерттеу арқылы оның ақыл-кеңесін іздеңіз. Аяулы бауырластарыңыздың көмегіне жүгініп, жігер алыңыз. Болашаққа деген жарқын үмітіңіз санаңызда жаңғырып тұрсын. Сонда Құдайдың “ұлы құдіретінен қажетті күш алып, бәріне шыдамдылықпен және қуанышпен төзесіз” (Қол. 1:11).
33-ӘН Уайымыңды Ехобаға арт
a Бұл мақала “қиындығымды көтеру өте қиын” я “бұл міндетті атқару қолымнан келмейді” деген ойда жүрген адамдарға зор көмек болмақ. Осындайда Ехоба бізді қалай нығайтып, күш беретінін әрі одан күш алу үшін не істей алатынымызды білеміз.
b Кейбір есімдер өзгертілген.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Құлағы естімейтін қыз бауырлас Киелі кітаптағы уәде жайлы ойланып, жаңа дүниедегі өмірін көз алдына келтіру үшін бейнебаян тамашалап отыр.