Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Самуилдің 2-жазбасы 21:7—9 тармақтарда Дәуіт “Мепібошетке жаны ашып, аман алып қалған” болса, ал кейін Мепібошетті өлтіретін адамдарға ұстап бергенін қалай түсінуге болады?

Көбісі бұл жағдайды бір оқығанда “Дәуіт неге бұлай еткен” деп түсінбей қалады. Бірақ, негізінде, бұл жерде аттас екі бөлек адам жайында айтылып тұр. Қазір осы жағдайды жан-жақты қарастырып, қандай сабақ алатынымызды көрейік.

Исраил патшасы Саулдың жеті ұлы мен екі қызы болды. Оның тұңғышы Жонатан еді. Кейін Саулдың Риспа деген кәнизагы оған ұл туып беріп, оған Мепібошет деген есім берілді. Бір қызығы, Жонатанның да Мепібошет деген ұлы болды. Демек, Саулдың ұлының да, немересінің де есімі Мепібошет болған.

Бір кездері Саул Исраилде тұрып жатқан гибеондықтарды жек көріп, олардың көзін жоймақшы болады. Бірақ бұнысы үлкен қателік еді, өйткені Ешуаның кезінде Исраилдің қауым басшылары гибеондықтармен бейбіт келісімге тұрған болатын (Ешуа 9:3—27).

Бұл келісім Саулдың күнінде де әлі күшінде болатын. Бірақ ол оны бұзып, гибеондықтарды жойып жібермекші болды. Киелі кітапта: “Саул гибеондықтарды өлтірді, сондықтан олардың қаны соның және әулетінің мойнында”,— деп жазылған (Сам. 2-ж. 21:1). Кейін Исраилдің тағына Дәуіт отырды. Сонда аман қалған гибеондықтар оның алдына келіп, Саулдың осы сорақы қылмысы жайлы айтып берді. Дәуіт олардан бұл кінәні өтеу үшін не істей алатынын сұрады. Өйткені Ехоба Саулдың осы қылмысының кесірінен Исраилге батасын бермей қойған еді. Гибеондықтар бұл үшін ақшалай құн талап еткен жоқ. Бірақ оларды “жойып жібергісі келген” адамның жеті ұлын беруді сұрап, оларды өлімге кеспекші болады (Мұс. 4-ж. 35:30, 31). Дәуіт гибеондықтардың өтінішін орындады (Сам. 2-ж. 21:2—6).

Ол уақытта Саул мен Жонатан соғыста қаза болып кеткен еді. Бірақ Жонатанның бала кезінде екі аяғы майып болып қалған Мепібошет деген ұлы тірі болатын. Ол атасының гибеондықтарға қарсы ұйымдастырған шайқасына қатыспаған. Кезінде Дәуіт Жонатанмен достық келісімге тұрып, сөз байласып қойған еді. Ал бұл келісімнің игілігін Жонатанның ұрпағы да, яғни Мепібошет те, көру керек-тін (Сам. 1-ж. 18:1; 20:42). Бұл жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Дәуіт Мепібошетке жаны ашып, оны аман алып қалды. Өйткені кезінде Мепібошеттің әкесі Саул ұлы Жонатанмен Ехобаның алдында сөз байласқан еді” (Сам. 2-ж. 21:7).

Бірақ Дәуіт гибеондықтардың сұрағандарын берді. Ол гибеондықтарға Саулдың екі ұлын (біреуінің есімі Мепібошет еді) және бес немересін ұстап берді (Сам. 2-ж. 21:8, 9). Осы әрекетімен Дәуіт қан төгілген жерді кінәдан арылтты.

Бұл оқиға жай ғана болып кеткен жағдай емес. Біз бұдан маңызды бір жайтты түсінеміз. Құдай заңында: “Әкелерінің ісі үшін балалары өлімге кесілмесін”,— деп анық айтылған болатын (Мұс. 5-ж. 24:16). Егер Саулдың екі ұлы мен бес немересі кінәсіз болғанда, Ехоба олардың өлімге кесілгенін мақұлдамас еді. Заңда: “Әркім өз күнәсі үшін өлімге кесілу керек”,— деп те айтылған болатын. Соған қарағанда, Саулдың әлгі жеті ұрпағының гибеондықтарды жер бетінен құртуға қандай да бір қатысы болған болса керек. Нәтижесінде олар өздерінің жаман ісі үшін жазаға тартылды.

Бұл оқиғадан қандай қорытынды шығаруға болады? Адам: “Мен жай ғана бұйрықты орындадым”,— деп, жасаған жаман ісі үшін ақтала алмайды. Киелі кітапта мына дана сөздер бекерге айтылмаған: “Жүретін жолыңды тегісте, Сонда нық басып жүресің алға” (Нақ. с. 4:24—27; Ефес. 5:15).