Ұлы Бабыл деген не?
Киелі кітаптың жауабы
Аян кітабында айтылған Ұлы Бабыл дүниежүзіндегі жалған діндер атаулыны білдіреді a (Аян 14:8; 17:5; 18:21). Бұл діндер бір-бірінен өзгеше болса да, бәрінде адамдарды шынайы Құдай Ехобадан алыстататын жалған ілімдер бар (Мұсаның 5-жазбасы 4:35).
Ұлы Бабылды анықтаудың жолы
Ұлы Бабыл — бір нәрсенің бейнесі. Киелі кітапта “Ұлы Бабыл” деген құпия есімі бар “әйел” және “ұлы жезөкше” туралы айтылады (Аян 17:1, 3, 5). Аян кітабы бейнелі тілмен жазылған, ендеше Ұлы Бабыл да тура мағынадағы әйел емес, қайта бір нәрсенің бейнесі деген тоқтамға келуге болады (Аян 1:1). Оның үстіне, әйелдің “халықтар мен қалың жұртты, ұлттар мен тілдерді” білдіретін “көп сулар үстінде отырғаны” айтылған (Аян 17:1, 15). Кәдімгі әйел бұлай ете алмайды.
Ұлы Бабыл — халықаралық құрылым. Ол “жер бетіндегі патшаларға үстемдік ететін ұлы қала” деп аталған (Аян 17:18). Демек, оның дүниежүзіне ықпалы бар.
Ұлы Бабыл — саяси не сауда-саттық емес, діни құрылым. Көне Бабыл “дуалары мен түрлі сиқырлықтарымен” танымал болған көпқұдайшылдардың қаласы еді (Ишая 47:1, 12, 13; Еремия 50:1, 2, 38). Оның халқы шынайы Құдай Ехобаның еркіне қайшы келетін жалған дінді ұстанатын (Мұсаның 1-жазбасы 10:8, 9; 11:2—4, 8). Бабыл патшалары өздерін Ехоба мен шынайы ғибадаттан жоғары санайтын (Ишая 14:4, 13, 14; Даниял 5:2—4, 23). Бүгіндегі Ұлы Бабыл да “бақсы-балгерлігімен” танымал. Бұл оның діни ұйым екенін аңғартады (Аян 18:23).
Ұлы Бабыл саяси құрылым болуы мүмкін емес, өйткені “жержүзінің патшалары” оның жойылғанын көріп, жоқтайтын болады (Аян 17:1, 2; 18:9). Ол сауда-саттықтың да бейнесі емес, өйткені Киелі кітаптан оның саудагерлерден бөлек екені көрінеді (Аян 18:11, 15).
Ұлы Бабылдың сипаттамасы жалған дінге сай келеді. Шынайы Құдай Ехобаға ғибадат етуге баулудың орнына, жалған дін жұртты өтірік құдайларға сиынуға иландырады. Киелі кітапта бұл әрекет “құдайлармен азғындық жасау” деп аталады (Мұсаның 3-жазбасы 20:6; Мұсаның 2-жазбасы 34:15, 16). Үштік сенім, жанның өлместігі туралы ілім және бейнелерге табыну сияқты салт-жоралар көне Бабылдан бастау алған және әлі де көп діндердің салтында көрініс табады. Сондай-ақ жалған діндер осы зұлым дүниемен қоян-қолтық жүреді. Киелі кітапта мұның Құдайға қарсы опасыздыққа жататыны айтылған (Жақып 4:4).
Көл-көсір байлығымен мақтанатын жалған діндер Киелі кітаптағы Ұлы Бабылға қатысты келесі сипаттамаға сай келеді: “Ол күлгін және ал қызыл матадан киім киіп, алтын, асыл тастар мен інжу-маржаннан әшекей тағыпты” (Аян 17:4). “Жер бетіндегі жеркенішті нәрселер”, яғни Құдайды қорлайтын ілімдер мен іс-әрекеттер Ұлы Бабылдан шығады (Аян 17:5). Ал Ұлы Бабылды қолдайтын “халықтар мен қалың жұрт, ұлттар мен тілдер” — жалған діннің адамдары (Аян 17:15).
Жер бетінде “өлтірілгендердің бәрінің қаны” Ұлы Бабылдың мойнында (Аян 18:24). Ғасырлар бойы жалған дін лаңкестікке итермелеп және соғыс кезінде отқа май құйып қана қоймай, қара халықты сүйіспеншіліктің Құдайы Ехоба туралы шындықтан құр қалдырды (Жоханның 1-хаты 4:8). Осындай селқостық көп қантөгіске апарды. Құдайдың ықыласына бөленгісі келетін адамдарға “одан шығу”, яғни жалған діннен кету керек (Аян 18:4; Қорынттықтарға 2-хат 6:14—17).
a “Шынайы дінді қалай анықтауға болады?” деген мақаланы қараңыз.