“Сот күні Иса пайғамбар келеді” дегенді қалай түсінеміз?
Киелі кітаптың жауабы
Киелі жазбаларда Иса пайғамбардың болашақта жер бетіндегі адамдарды соттау үшін келетіні бірнеше рет айтылған a. Мысалы, Матай 25:31—33 тармақтарда былай делінген:
“Ұлылыққа бөленген Адам Ұлы [Иса пайғамбар] періштелерімен бірге келгенде, салтанатты тағына отырады. Сол уақытта оның алдына барлық халықтар жиналып әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден бөлгеніндей, адамдарды екі топқа бөліп, қойларды оң жағына, серкелерді сол жағына қояды”.
Осы жерде сипатталған сот күні адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған зор алапаттың бір бөлігі болмақ. Зор алапаттың шарықтау шегі Армагеддон болады (Матай 24:21; Аян 16:16). Жоғарыда серкелер ретінде сипатталған Иса пайғамбардың жаулары “жазаланады да, мәңгіге жойылады” (Салоникалықтарға 2-хат 1:9; Аян 19:11, 15). Ал оның қойлар ретінде сипатталған адал ізбасарларының “мәңгілік өмірді иемденуге” үміттері болады (Матай 25:46).
Иса пайғамбар қашан келеді?
Иса пайғамбардың өзі: “Сол күн мен сағатты ешкім... білмейді”,— деген (Матай 24:36, 42; 25:13). Десе де ол өзінің келетінін анықтауға көмектесетін анық белгіні айтып кеткен еді, бұл белгі бірнеше құрамдас бөліктен тұрады (Матай 24:3, 7—14; Лұқа 21:10, 11).
Иса пайғамбар қандай денеде келеді: рухани ма, әлде тәндік пе?
Иса пайғамбар рухани денеде қайта тірілген болатын, сондықтан ол тәндік емес, рухани тұлға ретінде келеді (Қорынттықтарға 1-хат 15:45; Петірдің 1-хаты 3:18). Сол себепті өлерінен бір күн бұрын Иса өзінің елшілеріне: “Енді аз уақыттан кейін осы дүние мені көрмейді”,— дей алған (Жохан 14:19).
Иса пайғамбардың келуіне қатысты кең тараған қате түсініктер
Қате түсінік: Киелі кітапта адамдар Иса пайғамбардың “бұлттарда келе жатқанын көретіні” айтылған, демек, ол көзге көрініп келеді (Матай 24:30).
Шын мәнінде: Жиі Киелі кітапта “бұлт” сөзі көзден таса, көрінбейтін нәрселерге қатысты қолданылады (Мұсаның 3-жазбасы 16:2; Мұсаның 4-жазбасы 11:25; Мұсаның 5-жазбасы 33:26). Мысалы, бірде Құдай Мұса пайғамбарға: “Мен қалың бұлтпен келемін”,— деген болатын (Мұсаның 2-жазбасы 19:9). Сол уақытта Мұса пайғамбар Құдайдың сонда екенін түсінгенмен, оны өз көзімен көрген жоқ еді. Дәл сол сияқты Иса пайғамбар да “бұлттарда келеді” деген сөздер адамдар оның келгенін түсінгенмен, оны өз көздерімен көрмейтінін білдіреді.
Қате түсінік: Аян 1:7-дегі Иса пайғамбардың келуін “бәрі өз көзімен көреді” деген сөздерді тура мағынада түсінген жөн.
Шын мәнінде: Киелі кітап жазылған грек тіліндегі “көз” және “көру” деген сөздер кейде тура мағынадағы “көру” емес, “түсіну” не “ұғыну” деген мағынада қолданылады b (Матай 13:15; Лұқа 19:42; Римдіктерге 15:21; Ефестіктерге 1:18). Киелі кітапта қайта тірілген Исаның “жақындау мүмкін емес жарықта мекендейтіні” және “оны адам баласы... көре алмайтыны” айтылған (Тімөтеге 1-хат 6:16). Демек, Иса пайғамбарды “бәрі өз көзімен көреді” деген сөздер барлық адам оның Құдай сотын жүргізетінін түсінетін болады дегенді білдіреді (Матай 24:30).