Мазмұнға өту

Эвтаназия туралы Киелі кітапта не айтылған?

Эвтаназия туралы Киелі кітапта не айтылған?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі кітапта эвтаназияға қатысты нақты ештеңе айтылмаған a. Бірақ ондағы өмір мен өлімге қатысты айтылған сөздер байсалды көзқарас сақтауға көмектеседі. Өлімге себепші болу дұрыс емес. Алайда Киелі кітап бойынша, өлейін деп жатқан адамның өмірін ұзарту үшін шектен шыққан әрекетке бару талап етілмейді.

 Киелі кітапта Құдай Жаратушы және “өмірдің қайнар көзі” деп аталған (Зәбүр 36:9; Елшілердің істері 17:28). Құдайдың көз алдында өмір өте бағалы. Сол себептен Құдай өзге біреудің өмірін үзуді не өз-өзіне қол жұмсауды айыптайды (Мұсаның 2-жазбасы 20:13; Жоханның 1-хаты 3:15). Сондай-ақ Киелі кітапта өзіміздің және басқалардың өмірін қорғау үшін қауіпсіздік шараларын сақтауымыз керектігі айтылған (Мұсаның 5-жазбасы 22:8). Шынында да, Құдай біздің өмір сыйын бағалағанымызды қалайды.

Адам өлімге ұшырататын ауруға шалдықса ше?

 Өлім аузында жатқан адамның өмірін қиюды Киелі кітап еш құптамайды. Саул деген патшамен болған оқиға осыны дәлелдейді. Шайқаста өлімші болып жараланған патша көмекшісінен өзін өлтіруді сұраған (Самуилдің 1-жазбасы 31:3, 4). Бірақ көмекшісі олай етуден бас тартқан. Кейін басқа бір кісі Саул патшаның тілегін орындап, оны өлтірдім деп жалған сөйлеген. Сонда бұл жағдайға Құдайдың көзімен қараған Дәуіт деген кісі оны қан төккені үшін айыптаған (Самуилдің 2-жазбасы 1:6—16).

Қайткен күнде де өмірді созу керек пе?

 Адамның міне-міне өлетіні анық болса, Киелі кітап өмірді қайткен күнде де созу керек деп талап етпейді. Қайта, байсалды көзқарас танытуға шақырады. Өлім — біздің қас жауымыз және күнәкарлығымыздың зардабы (Римдіктерге 5:12; Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Өлімнен қорқудың қажеті жоқ, өйткені Құдай өлгендерді қайта тірілтуді уәде етеді (Жохан 6:39, 40). Өмірге құрметпен қарайтын адам мүмкіндігінше ең жақсы ем-шараларды іздейді. Бірақ өлім үстінде жатқан адамның өлетін күнін алыстатып қана қоятын ем-шараларды қолдану талап етілмейді.

Өз-өзіне қол жұмсау кешірілмейтін күнә ма?

 Жоқ. Киелі кітапта өз-өзіне қол жұмсау кешірілмейтін күнә деп айтылмаған. Өз-өзін өмірден айыру ауыр күнә болса да b, Құдай адамды осындай қадамға итермелеуі мүмкін жайттарды толық түсінеді. Мысалы, бұл психикалық ауру, шектен тыс күйзеліс не тұқым қуалайтын ерекшеліктер болуы мүмкін (Зәбүр 103:13, 14). Киелі кітаптан қиын шақтарда жұбаныш беретін сөздер табуға болады. Бұған қоса, онда “әділдердің де, әділетсіздердің де қайта тірілетіні” айтылған (Елшілердің істері 24:15). Бұдан ауыр күнә жасағандардың, соның ішінде өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың да, қайта тірілуге үміті бар екенін көруге болады.

a Эвтаназия дегеніміз — “жазылмайтын қаза дертпен ауыратын адамның өз еркімен, дәрігерлермен келісілген және арнайы дәрілер көмегімен өлуі, өмірін үзуі” (“Қазақ әдеби тілінің сөздігі”). Кей жағдайларда эвтаназияны дәрігерден басқа адам жасайды.

b Киелі кітапта өз-өзіне қол жұмсаған бірнеше ғана адамның оқиғасы айтылған. Олардың ешқайсысы Құдайдың еркіне сай әрекет етпеген (Самуилдің 2-жазбасы 17:23; Патшалар 1-жазба 16:18; Матай 27:3—5).