Мазмұнға өту

Киелі кітапта індеттер туралы не айтылған?

Киелі кітапта індеттер туралы не айтылған?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі кітапта індеттердің болатыны алдын ала айтылған (Лұқа 21:11). Бірақ мұндай індеттер Құдайдың жазасы емес. Қайта, Құдай жақын арада өз Патшалығының көмегімен барлық ауру атаулыны, соның ішінде індеттерді жояды.

 Киелі кітапта індеттер жайлы пайғамбарлық сөздер бар ма?

 Киелі кітапта COVID-19, ЖИТС, туберкулез, безгек не испан тұмауы сияқты нақты бір ауру не індет туралы айтылмаған. Бірақ онда індеттер мен эпидемиялардың болатыны алдын ала айтылған (Лұқа 21:11; Аян 6:8). Мұндай эпидемиялар — “соңғы күндердің” және “осы заманның аяқталып қалғанының” белгісі (Тімөтеге 2-хат 3:1; Матай 24:3).

 Құдай адамдарды ауру жіберіп жазалаған ба?

 Киелі кітапта Құдайдың адамдарға ауру жіберіп жазалағаны туралы бірнеше оқиға жазылған. Мысалы, ол кейбір адамдарды алапеске ұшыратқан (Мұсаның 4-жазбасы 12:1—16; Патшалар 2-жазба 5:20—27; Шежірелер 2-жазба 26:16—21). Бірақ бұл аурулар індерттер сияқты көпшілікке тарап, одан жазықсыз адамдар жапа шекпеген. Құдай тек өзіне қарсы шыққан адамдарды ғана осылай жазалаған.

 Бүгіндегі індеттер Құдайдың жазасы ма?

 Жоқ. Бүгінде кейбіреулер “Құдай аурулар мен індеттерді жіберіп, адамдарды жазалайды” деп айтады. Бірақ Киелі кітап мұндай ойды құптамайды. Не себепті?

 Біріншіден, Құдайдың бұрынғы кей қызметшілері түрлі ауруларға шалдығып қиналған, қазір де солай. Мысалы, Құдайдың адал қызметшісі Тімөтенің асқазаны ауырған (Тімөтеге 1-хат 5:23). Бірақ Киелі кітапта ол Құдайдың ықыласынан айырылғандықтан ауырды деп еш жерде айтылмаған. Сол сияқты, бүгінде Құдайдың кейбір адал қызметшілері де ауырып қалуы не қандай да бір ауруды жұқтырып алуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда олар қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайға тап болғандықтан, осылай болып жатады (Уағыздаушы 9:11).

 Бұған қоса, Киелі кітапта Құдайдың зұлымдарды жазалайтын уақыты әлі келмегені жазылған. Қайта, біз “құтқарылатын күні” өмір сүрудеміз. Құдай әрбір адамды өзіне жақындауға әрі құтқарылуға шақырып жатыр (Қорынттықтарға 2-хат 6:2). Бұл үшін ол қызметшілері арқылы дүниежүзі бойынша Патшалық жайлы ізгі хабарды таратып жатыр (Матай 24:14).

 Індеттер болмайтын кез келе ме?

 Иә. Киелі кітапта өте жақын арада ешбір адам ауырмайтын кез келетіні алдын ала айтылған. Патшалығы орнағанда Құдай адамдарды барлық ауруларынан айықтырады (Ишая 33:24; 35:5, 6). Ол қайғы-қасірет, ауру мен өлімді жоқ қылады (Аян 21:4). Сондай-ақ Құдай қайтыс болған адамдарды қайта тірілтеді. Олар жұмақ орнаған жер бетінде өмір сүріп, денсаулықтары мықты болады (Зәбүр 37:29; Елшілердің істері 24:15).

 Аурулар мен індеттер туралы Киелі кітап тармақтары

 Матай 4:23: “[Иса] бүкіл Ғалилея аймағын аралап, мәжілісханаларда тәлім беріп, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап, адамдарды түрлі ауру-сырқаудан сауықтырып жүрді”.

 Мағынасы: Исаның жасаған кереметтері Құдай Патшалығының жуырда барлық адамзат үшін не істейтінін көрсетті.

 Лұқа 21:11: “Індеттер болады”.

 Мағынасы: Аурулардың кең етек жаюы соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді.

 Аян 6:8: “Қарадым да, сұп-сұр атты көрдім. Атта отырғанның есімі “Өлім” еді, оның соңынан өкшелеп көр келе жатты. Оларға... індетпен... өлтіруге билік берілді”.

 Мағынасы: Төрт салт атты жайлы пайғамбарлық біздің күндерімізде эпидемиялардың болатынын білдіреді.