Киелі кітапта бояну, әшекей тағу жайлы не айтылған?
Киелі кітаптың жауабы
Киелі кітапта бұл жайлы көп сөз қозғалмаса да, бояну, әшекей тағу не басқалай сәндену айыпталмайды. Бірақ Киелі кітап сыртқы көрініске көп мән бергеннен гөрі, “аса бағалы саналатын биязы да жұмсақ мінез” танытудың маңыздылығына назар аударады (Петірдің 1-хаты 3:3, 4).
Сәндену — күнә емес
Ежелде Құдайға сенетін әйелдер әрленіп-сәнденген. Ысқаққа тұрмысқа шыққан Рабиға қайын атасы Ыбырайым сыйлаған алтын білезіктер, мұрынға тағатын алтын сырға және басқа да қымбат әшекейлер таққан (Мұсаның 1-жазбасы 24:22, 30, 53). Естер де Персия империясының болашақ патшайымы болуға дайындалып, ерекше әрленіп-сәнденген (Естер 2:7, 9, 12). Мұндай дайындыққа опа-далап жағу немесе косметиканың түр-түрін қолдану кірген (“New International Version; Easy-to-Read Version”).
Киелі кітапта әшекейлер туралы жағымды мәнерде айтылады. Мысалы, онда жақсы кеңес беретін адам “тыңдайтын құлаққа... алтыннан жасалған әшекей іспетті” екені айтылған (Нақыл сөздер 25:12). Сондай-ақ Құдай Исраил халқына қалыңдығына білезік, алқа, сырға тағып сәндеген күйеу сияқты қарағаны айтылған. Құдай өз халқына осылай қарағанның арқасында олар “ерекше сұлу” болған (Езекиел 16:11—13).
Бояну мен әшекей тағуға қатысты жаңсақ пікірлер
Жаңсақ пікір. Петірдің 1-хаты 3:3-те “шаш өру, алтын бұйымдар” тағу айыпталады.
Шындық. Тармақтың мәнмәтіні сырт көрініс пен әшекей тағудан гөрі, жан дүние сұлулығының маңызды екеніне назар аударады (Петірдің 1-хаты 3:3—6). Киелі кітаптың басқа тармақтарында да осыған көңіл бөлінеді (Самуилдің 1-жазбасы 16:7; Нақыл сөздер 11:22; 31:30; Тімөтеге 1-хат 2:9, 10).
Жаңсақ пікір. Зұлым патшайым Езабелдің “көзін сүрмелеп” алғанын ескерсек, бояну дұрыс емес (Патшалар 2-жазба 9:30).
Шындық. Езабел сиқырлықпен айналысқан, кісі өлтірген. Ол сырт көрінісі үшін емес, зұлым істері үшін айыпталған (Патшалар 2-жазба 9:7, 22, 36, 37).