Адамдар не үшін өледі?
Киелі кітаптың жауабы
Жоғарыдағы сұрақ көбімізді, әсіресе жақын адамы қайтыс болған жандарды мазалайды. Киелі кітап бұл сұраққа былай деп жауап береді: “Өлімге ұшырататын улы тіс — күнә” (Қорынттықтарға 1-хат 15:56).
Күнә мен өлім қайдан пайда болды?
Алғашқы жұп Адам ата мен Хауа ана Құдайға қарсы шығуымен күнә жасап, өз өмірлерінен айырылды (Мұсаның 1-жазбасы 3:17—19). “Өмірдің қайнар көзі” — Құдайға қарсы шыққандықтан, олардың еншісі өлім еді (Зәбүр 36:9; Мұсаның 1-жазбасы 2:17).
Адам ата арқылы күнә оның барлық ұрпақтарына берілді. Киелі кітапта былай делінген: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Римдіктерге 5:12). Иә, адамдардың барлығы күнәкар болғандықтан, бәрі өледі (Римдіктерге 3:23).
Өлім болмайтын кез
Құдай “өлімді біржола жоқ қылуды” уәде етеді (Ишая 25:8). Өлім болмау үшін, алдымен, оның түптамыры болып табылатын күнәні жою қажет. Бұл үшін Құдай Иса Мәсіхті қолданады. Ол “дүниені күнәдан арылтады” (Жохан 1:29; Жоханның 1-хаты 1:7).