Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | БАЛА ТӘРБИЕСІ

Балаңызды порнографиядан қорғаңыз

Балаңызды порнографиядан қорғаңыз

 “Біз порнографияның қаншалықты қауіпті екенін жақсы білетінбіз. Бірақ қызымыз оны оп-оңай көре алатынын ескермеппіз” (Николь).

Бұл мақалада

 Нені білу қажет?

 Балалар кішкентай кезінде-ақ порнография көріп қалуы мүмкін. Зерттеулерге сай, балалар алғаш рет порнографияны, орта есеппен алғанда, 11 жаста көреді екен.

 Балалар порнографияға әдейі іздемей-ақ тап болуы мүмкін. Мысалы, олар интернеттен бір жақсы нәрсені іздеп жатқанда не әлеуметтік желіде отырғанда, порнография шыға келетін шығар. Онлайн бейнеойындар ойнап жатқанда да, аяқ астынан порнографияның жарнамасы шыға қалуы мүмкін. Порнография әртүрлі форматта болады. Көп жағдайда ол сурет не видео түрінде кездеседі. Бірақ ашық эротикалық материалдар жазбаша я аудио түрінде де қаптап жүр. Оларды онлайн оқуға да, көруге де, жүктеп алуға да болады.

 Тағы бір ескеретіні, балаларыңызға ұятсыз материалдарды біреулер телефондарына жіберуі мүмкін. Бір зерттеу жүргізіліп, оған 900-ден аса бала қатысты. Оның нәтижесі бойынша, қыздардың шамамен 90 пайызы, ал ұлдардың 50-ге жуық пайызы сыныптастарынан үнемі жалаңаш адамдардың суреттері мен видеоларын алып тұрады екен.

 Кең таралған порнографияда жиі зорлық-зомбылық кездеседі. Оп-оңай табуға болатын мұндай порнографияда зорлық-зомбылықтың бір түрі, әсіресе әйелдерге жасалған қатыгездік жиі кездеседі.

 Порнография балалардың жанын жаралайды. Зерттеулер көрсеткендей, порнография көрген балаларда мыналар көбірек байқалып жатады:

  •   сабағы нашар;

  •   мазасыздық, қорқыныш билейді, депрессия болады, өзін түкке тұрғысыз көреді;

  •   біреуді жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу кәдімгі нәрсе деп ойлайды.

 Түйін. Порнография балаларға жаман әсер етеді. Оларды ең жақсы қорғай алатындар — ата-аналар.

 Киелі кітап принципі: “Мен бүгін бұйырған осы сөздер жүрегіңнен орын алсын. Оларды балаларыңның құлағына құйып, үйде отырғанда да, жол жүргенде де, жатқанда да, тұрғанда да айтатын бол” (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7).

 Балаңызды порнографиядан қалай қорғай аласыз?

 Өзіңіз біліп алыңыз. Балаңыз қашан және қай жерде порнографияға тап болуы мүмкін екенін ойланыңыз. Мысалы, мектепте үзіліс кезінде ол дереу интернетке кіріп, қалағанын көре ме?

Бала порнографияға кез келген жерде тап болуы мүмкін

 Балаңыздың телефонында мәлімет алуды шектейтін қандай функциялар бар екенін, ол қандай қосымшаларды пайдаланатынын және қандай ойындар ойнайтынын біліп жүріңіз. Мысалы, кейбір мессенджерде мәліметті жоятын функция болады. Ол келіп түскен әдепсіз хабарламаны, сурет не видеоны қысқа уақыттың ішінде өшіріп тастайды. Бүгінде онлайн видео ойнап жатқандарға порнография көруге, тіпті виртуалды жыныстық қатынасқа түсуге мүмкіндік беретін ойындар көбейіп жатыр.

 “Өз тәжірибемнен айтайын: балаңыздың смартфоны бар болса, оны қалай пайдалануды, “ата-ана бақылауы” функциясын қалай қосуды және балаңыздың не көріп, не қоятынын, кіммен араласатынын қалай тексеруді біліп жүргеніңіз өте маңызды” (Дэйвид).

 Киелі кітап принципі: “Түсінігі бардың жүрегі білімді иемденер” (Нақыл сөздер 18:15).

 Баланы қорғау үшін қолдан келгенді істеңіз. Балаңыздың мүмкіндігінше порнография көріп қалмауына жағдай жасаңыз. Мысалы, оның телефонын және үйдегі басқа да электрондық құрылғыларды порнографиялық материалдарды жауып тастайтындай етіп баптаңыз. “Ата-ана бақылауы” функциясын қосып қойыңыз. Сондай-ақ балаңыз қандай құпиясөздерді қолданатынын біліп жүріңіз.

 “Мен “ата-ана бақылауын” үйдегі барлық электрондық құрылғыларға қосып қойдым. Сондай-ақ баламыз интернетке қосылатын теледидардан көретін кейбір бағдарламаларды шектедім. Оның смартфонындағы құпиясөзін де білем. Бұлардың көп пайдасы тиеді екен” (Маурицио).

 “Ұлдарыма видеоларды есікті жауып алып көруге рұқсат етпеймін. Ұйықтайтын кезде электрондық құрылғыларын алып қоямын” (Джанлука).

 Киелі кітап принципі: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар” (Нақыл сөздер 22:3).

 Баланы алдын ала дайындаңыз. “Кей ата-аналар баласымен порнография жайында сөйлесуден қашады. Өйткені баламмен ешқашан ондай проблема болмайды деп ойлайды”,— дейді Флавия деген бір ана. Тағы бір ата-аналар болса: “Балама порнография жайлы айтсам, керісінше, ол оны іздей бастайды”,— деп қорқады. Бірақ бұлай ойлау дұрыс емес. Ақылды ата-аналар балалары порнографияны көріп қалмай тұрғанда, оның қаупін айтып, алдын ала дайындайды. Бұл үшін сіз не істей аласыз?

 Кішкентай балаларыңызға ойламаған жерден порнографияға тап болса не істеу керектігін үйретіңіз. Мысалы, “бірден көзіңді жұм”, “телефонды өшіріп таста” деп айтыңыз. Оларды не көргендерін, не естігендерін — бәрін сізге айтып беруге шақырыңыз a.

 “Өте кішкентай кезінен ұлымызбен порнография туралы сөйлесіп, қаупін айта бастадық. Ол 11-лерге келгенде, смартфонына жүктеген ойындарда порнографияның жарнамалары шығып қалатын болды. Оларда “чатқа қосылып, өз суреттеріңді жібер” деп тұратын. Бірақ бұған дейін осы тақырыпта сөйлескендіктен, балам бірден маған келіп, бәрін айтып берді” (Маурицио).

 Киелі кітап принципі: “Баланы тәрбиелеп, тура жолға сал, Жасы ұлғайғанда да таймас одан” (Нақыл сөздер 22:6).

 Біраз есейіп қалған балаларда порнография көруге, оқуға не тыңдауға деген азғырулар пайда болуы мүмкін. Оларға осындай жаман қалауға қарсы тұруға қалай көмектессе болады? Мәселен, балаңызға келісім жасауға көмектесіңіз. Ол жерде бала порнографияға кезіккен жағдайда не істейтінін және не үшін солай әрекет еткісі келетінін жазса болады. Сондай-ақ порнографияны әдейі көретін болса, оның салдары қандай болатынын жазсын. Бұлар өз-өзін сыйлаудан қалу, ата-анасының сенімінен айырылу және Құдаймен қарым-қатынасын бұзып алу болуы мүмкін b.

 “Балалар өскен сайын, порнография көрудің арты қандай жаман болатынын ойлауға көмектесіңіздер. Сонда азғыруларға қарсы тұру оларға жеңіл болады” (Лоретта).

 “Балаларға порнографияның неге қауіпті екенін білумен қатар, Ехобаның оған қалай қарайтынын да түсінгендері маңызды. Бұл оларды жақсы қорғайды” (Дэйвид).

 Киелі кітап принципі: “Даналық... қорғайды” (Уағыздаушы 7:12).

 Үнемі сөйлесіңіз. Айтса, сену қиын шығар, бірақ балалар шын мәнінде ата-анасымен жыныстық қатынас пен порнография жайлы сөйлескісі келеді. “Олар бұл тақырып туралы ата-анам бізбен мейлінше ерте, мейлінше жиі сөйлессе екен дегісі келеді,— дейді Англиядағы бала құқығына жауапты Рейчел де Соуза деген қызметкер.— Балалар бұл тақырыпты өз жастарына сай білгісі келеді. Олар неғұрлым үлкейген сайын, оны соғұрлым көбірек, жан-жақты талқылағысы келеді”.

 “Мен өсіп жатқанда, ата-анам кейбір тақырыптарға менімен мүлдем сөйлеспеген. Ал мен олар туралы ашық, емін-еркін сөйлескім келетін. Қазір өзімнің балаларым бар. Олармен жыныстық қатынас туралы жүйелі түрде, олар қысылмайтындай етіп сөйлесуге тырысамын” (Флавия).

 Балаңыз порнография көрген болса ше?

 Сабыр сақтаңыз. Балаңыздың порнография көргенін, тыңдағанын я оқығанын білсеңіз, өз-өзіңізді ұстаңыз. Мүмкін, ол онсызда не істерін білмей, көңілі түсіп, кінәлі сезініп жатқан шығар. Егер ашуланып шыға келсеңіз, ол өзін оданда жаман сезінеді де, мұндай жағдай тағы қайталанса, сізге келіп айтпай қоюы мүмкін.

 Киелі кітап принципі: “Білімді байыппен сөйлер, Парықты сабыр сақтар” (Нақыл сөздер 17:27).

 Көбірек біліңіз. Балаңыз туралы асығыс тұжырым жасамаңыз. Одан гөрі порнографияға қалай кезігіп қалғанын сұрастырыңыз. Мысалы, ұятсыз суреттерді оған біреу жіберіпті ме, өзі іздеп тапқан ба? Мұндай жағдай бірінші рет болыпты ма, әлде бұған дейін де порнография көрген бе екен? Телефонында жаман материалдарды бұғаттайтын сүзгі және “ата-ананың бақылауы” функциясы қосылған ба? Әлде соған қарамай порнография қараудың жолын тапқан ба? Сіздің мақсатыңыз баланы тергеу емес, өзі бәрін ашық айтып беруге талпындыру екенін ұмытпаңыз.

 Киелі кітап принципі: “Адамның ой-ниеті терең құдықтағы судай, Қырағы жан оны тартып шығарар” (Нақыл сөздер 20:5).

 Әрекет етіңіз. Мысалы, порнография аяқ астынан шыға қалған болса, балаңыздың құрылғысындағы “ата-ана бақылауы” не бұғаттайтын фильтрлерді дұрыстау керек болатын шығар.

 Ал ол порнографияны әдейі іздеген болса ше? Онда оны жазалаңыз, бірақ бұны жұмсақтықпен істеңіз. Балаңызға порнографияға жоламауға көмектесу үшін Әйүп 31:1, Зәбүр 97:10 мен Зәбүр 101:3 сияқты тармақтарды оқып, бірге ой жүгіртіңіз c. Осы қиындықпен қалай күресіп жатқанын білу үшін және қосымша көмек қажет пе, жоқ па, соны анықтау үшін апта сайын сөйлесіп тұратыныңызды айтыңыз.

 Киелі кітап принципі: “Балаларыңды ызаландырмаңдар, керісінше, Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіріңдер” (Ефестіктерге 6:4).

a Балалардың жасын ескеріп, жыныстық қатынас туралы қалай сөйлесуге болатынын білгіңіз келсе, “Ата-аналар балаларына жыныстық қатынас туралы қалай түсіндіре алады?” (ор.) деген мақаланы қараңыз.

b Келісімге тағы не қосуға болатынын “Порнографиядан қалай аулақ бола аламын?” (ор.) деген жұмыс парағынан білуге болады.

c Балаларыңызбен бірге “Не үшін порнографиядан аулақ болу керек?” (ор.) деген мақаланы оқып көрсеңіз болады.