Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Неге менің достарым жоқ?

Неге менің достарым жоқ?

Сен интернетте отырып жақында өткен бір отырыстағы суреттерді көріп қалдың. Достарыңның бәрі сонда жүр. Отырыс қызық өткен сияқты. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Нақтырақ айтсақ, біреу жетіспейді, ол — сен.

“Мен ше, мені неге шақырмаған?” деп таңғалып қаласың.

Содан сен көңілің түсіп, ренжисің. Достарыңның бәрі сені сатып кеткендей сезінесің. Араларыңдағы достықтың тас талқаны шыққандай болады. Сосын “неге менің достарым жоқ?” деген ойдың жетегінде кетіп, жападан-жалғыз қаласың.

 Дұрыс жауабын тап

 Дұрыс па, әлде бұрыс па?

  1.   Досың көп болса, ешқашан жалғыздық сезінбейсің.

  2.   Әлеуметтік желіде отыратын болсаң, ешқашан жалғыздық сезінбейсің.

  3.   Қалағаныңша көп СМС жаза алсаң, ешқашан жалғыздық сезінбейсің.

  4.   Әрдайым басқаларға көмектесіп жүрсең, ешқашан жалғыздық сезінбейсің.

 Төрт пікірдің бәрі де дұрыс емес.

 Неге?

 Достық пен жалғыздық жайлы шындық

  •   Достарым көп болса, ешқашан жалғыздық сезінбеймін деп ойлама.

     “Мен достарымды жақсы көремін, бірақ кейде олар мені жақсы көрмейтіндей көрінеді. Достарыңның арасында жүріп, олардың сені жақсы көретінін, оларға керек екеніңді сезінбесең, ең жаманы сол екен” (Анна).

  •   Әлеуметтік желіде отырсам, ешқашан жалғыздық сезінбеймін деп ойлама.

     “Кей адамдар достарды тура бір статуэтка жинағандай жинайды. Бірақ ол статуэткалар сені жақсы көре алмайды. Егер шынайы достарың болмаса, онлайн достардың сол статуэткалардан еш айырмашылығы жоқ” (Элейн).

  •   Қалағанымша көп СМС жаза алсам, ешқашан жалғыздық сезінбеймін деп ойлама.

     “Кейде жалғызсырағанда, достарымның біреуі маған жазды ма екен деп телефонға қайта-қайта қарай бересің. Онсыз да жалғызсырап отырғанда, достарыңның ешқайсысы хабарласпаса, бұл жаныңа қатты батады екен” (Серена).

  •   Басқаларға әрдайым көмектесіп жүрсем, ешқашан жалғыздық сезінбеймін деп ойлама.

     “Мен әрқашан достарыма жақсылық жасауға тырысамын. Бірақ олар мұны бағаламайтын сияқты. Достарыма жақсылық жасап жүргеніме өкінбеймін, бірақ олардың жақсылыққа жақсылықпен қайтармайтындары, шынымды айтсам, біртүрлі екен” (Ричард).

 Ой түйін: Жалғыздықтың түпкі себебі — адамның ой қалпы. “Жалғыздық сезімі сыртқы жағдайларға емес, адамның ішкі дүниесінде не болып жатқанына тәуелді”,— дейді Джанетт есімді жас қыз.

 Өзіңді жападан жалғыз сезінсең не істесең болады?

 Жалғыздықты жеңудің жолдары

Өз-өзіңе сенімді болуды үйрен.

 “Жалғыздыққа себеп болатын ең көп таралған фактор — адамның өз-өзіне сенімді болмауы. Егер “басқаларға менімен сөйлесу қызық емес“ деп ойласаң, онда саған ашылып, достасу қиын болады” (Джанетт).

 Киелі кітапта не жазылған? “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Ғалаттықтарға 5:14). Нағыз дос тапқың келсе, өзіңді жақсы көре білу де керексің. Бірақ шектен шығып, өзімшіл болып кетпе (Ғалаттықтарға 6:3, 4).

Өз-өзіңді аяй берме.

 “Жалғыздық батпақ сияқты, батқан сайын шығу қиын болады. Егер өзіңді аяй берсең, ешкім сенімен араласқысы келмейді. Сөйтіп, жалғыздыққа одан сайын бата бересің” (Эрин).

 Киелі кітапта не жазылған? “Сүйіспеншілік... өзімшіл емес” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5). Шындығында, егер сен өзің туралы тым көп ойлай беретін болсаң, басқаларға жанашырлық танытудан қаласың (Қорынттықтарға 2-хат 12:15). Ал бұл сені адамдардан алшақтатып, олар саған тартылмайтын болады. Ұмытпа, егер сенің бақытың өзгелердің әрекетіне тәуелді болса, онда сенің жеңілгенің. Шынында да, “ешкім маған хабарласпайды”, “ешкім мені ешқайда шақырмайды” деп, өз-өзіңді аяй берсең — өз бақытыңды өз қолыңмен басқаларға бергенің. Қалай ойлайсың, сен оларға тым көп нәрсе беріп қойған жоқсың ба?

Кез келген адаммен достаса берме.

 “Әдетте жалғыздық сезінетін адамдар басқалардың оларға көңіл бөлгендерін қалап тұрады. Оларға көңілдің жетіспейтіні соншалық, кез келген адаммен достаса кетуге дайын тұрады. Тек өздерін керек сезінсе болғаны. Бірақ кейбіреулер сені осылай сезіндіргенімен, кейін пайдаланып кетеді. Жалғыздықтың көкесі сол кезде болады” (Брианн).

 Киелі кітапта не жазылған? “Данамен жүрген дана болар, Ақылсызбен араласқан жапа шегер” (Нақыл сөздер 13:20). Қарны қатты ашқан адам кез келген нәрсені жей беретіні сияқты, достарға аш адам да оларды кез келген жерден іздей береді. Сөйтіп, олар манипуляция жасайтын адамдардың құрығына түсіп, олармен достасады. Мұндай достық оларға нағыз достықтай көрініп, алданып қалады.

 Қорытынды: Кез келген адам жалғыздық сезінеді. Тек әркімде әртүрлі деңгейде өтеді. Жалғыздық жан дүниеңді алай-дүлей қылып жіберсе де, түптеп келгенде, бұл жай ғана сезім. Сезімдер болса ойдан туады. Ал ойымызды қадағалау қолымыздан келеді.

 Басқалардан бір нәрсе күткенде реалист бол. “Кез келген адам сенің жан досың болып кетпейді. Бірақ сенің қамыңды ойлайтын біреу міндетті түрде табылады. Соның өзі жеткілікті. Өзгелердің қамқорлығы саған жалғызсырамауға көмектеседі”,— дейді жоғарыда аты аталған Джанетт.

 Тағы көмек қажет болса... Достасудан қорықпа” деген қоршауды оқып көр. Сондай-ақ “Жалғыздықпен күресу” (ор.) деген PDF-ті жүктеп ал.