Мазмұнға өту

Миллион шақты Куәгерлер үшін қажетті Патшалық сарайлары

Миллион шақты Куәгерлер үшін қажетті Патшалық сарайлары

1999 жылдан 2015 жылға дейін Ехоба куәгерлері Орталық Америка * мен Мексикада 5000-нан аса Патшалық сарайын соқты. Ал енді бір миллион Куәгерлер мен қауым кездесулеріне келіп тұратын адамдар үшін тағы да 700 шақты Патшалық сарайын соғу қажет.

Бұрындары бұл жақта ғибадат орындарын соғу қиын мәселе еді. Мысалы, Мексикадағы Куәгерлердің көбісі қауым кездесулерін үйлерде өткізетін. Мұның бір себебі — көп жылдар бойы жергілікті заң діни ұйымдарға жекеменшік ғимарат иеленуге құқық бермеді. Бірақ 1990 жылдары заң өзгеріп, Ехоба куәгерлері көптеген Патшалық сарайларын соға бастады. Әйтсе де әр ғимараттың құрылысы бірнеше айға созылатын.

Құрылыс қарқынының жылдамдауы

1999 жылдан бастап құрылыс ісі тез жүре бастады. Өйткені бұл жылы Патшалық сарайларын соғатын топтар Мексика мен Орталық Американың жеті елі сияқты ресурстары шектеулі елдерде, Патшалық сарайлар соғудың жаңа бағдарламасы бойынша жұмыс істей бастады. 2010 жылдан бері осы аумақтағы құрылыс жұмыстарын Мексикадағы филиал бақылап келеді.

Оқшауланған аумақтарда Патшалық сарайларын соғудың өз қиындықтары бар. Мысалы, Панамадағы бір құрылыс алаңына жету үшін құрылыс қызметшілері үш сағат бойы қайықпен теңізді жағалап жүзіп отырды. Ал Мексиканың Чьяпас штатында құрылыс материалдарын оқшауланған бір жаққа жеткізу үшін құрылыс тобы кішкентай бір ұшақты қолданды.

Патшалық сарайларының пайдасы

Тіпті Куәгер емес адамдардың өзі тұрып жатқан аймақтарында Патшалық сарайының бой көтергенін асыға күтеді. Мысалы, гондурастық бір кісінің айтуынша, қазір Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайы тұрған жерде бұрынырақ адамдар түнгі клуб соққысы келген екен. Бірақ оның өзі мұны қаламапты. Ал Ехоба куәгерлерінің сол жерде Патшалық сарайын соғуды жоспарлап жатқанын естігенде, ол: “Бұл Құдайдың батасы ғой!”— деп қуанышын білдіріпті.

Дүйім жұрт құрылысшылардың еңбекқорлығын көріп жиі таңғалып жатады. Гватемалада тұратын бір кісі былай дейді: “Біздің мәдениетімізде әйелдер тек асүйде жұмыс істейді. Бірақ мына жақтағы әйелдер еркектер істейтін жұмысты да істей береді екен. Темір каркас жасап жатқан, қабырғаларды сылап жатқан бір топ әйелді көргенде, аузым ашылып қалды!” Қатты таңғалған кейбір көршілер тіпті жұмысшыларға азық-түлік сатып алып берген кездер де болған.

Патшалық сарайларымыздың сәулетіне тәнті болған адамдар да аз емес. Мысалы, Никарагуадағы инженер бір қаланың мэріне жергілікті Патшалық сарайының ең жақсы материалдардан жасалған әсем ғимарат екенін айтқан. Ол тіпті сол Патшалық сарайының сапасы қаланың басқа ғимараттарына қарағанда жоғары болғанын айтты.

Әрине, Ехоба куәгерлері ыңғайлы ғибадат орындарының болғанына дән риза. Олар Патшалық сарайы соғылып біткеннен кейін Киелі кітап зерттеушілері жиналыстарға келуге асық екенін байқапты. Патшалық сарайын соғатын қызметшілерге көмектескен Мексикадағы бір қауымның бауырластары өздерінің ризашылықтарын түйіндеп былай деді: “Біз Ехобаның есімін дәріптейтін Патшалық сарайын соғу мәртебесі үшін оған қатты ризамыз!”

^ 2-абзац Бір сөздікке сай, Орталық Американың құрамына Гватемала, Сальвадор, Гондурас, Никарагуа, Коста-Рика, Панама және Белиз республикалары кіреді (“Merriam-Webster’s Collegiate Dictionary”, 11-басылым).