Мазмұнға өту

КИЕЛІ КІТАП АДАМ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

“Көше қаңғып өмір сүрдім”

“Көше қаңғып өмір сүрдім”
  • Туылған жылы: 1955

  • Елі: Испания

  • Қысқаша мағлұмат: Нашақор болып, ішімдікке салынған, зорлық-зомбылыққа барған

ӨМІРБАЯНЫМ

 Жамандыққа қанша ұрынса да, кейбір адамдарға өмірден сабақ алу үшін ұзақ уақыт керек. Мен солардың бірі едім. Өзім жайлы айтар болсам, Испанияның екінші ірі қаласы Барселонада туып-өстім. Біз жағажайда орналасқан Соморростро аймағында тұрдық. Ол жерде қылмыс пен есірткі саудасы кең тараған еді.

 Үйде тоғыз баланың тұңғышымын. Тұрмыс жағдайымыз нашар болғандықтан, он жасымда әкем мені теннис клубына допты қағып алып, лақтырып тұратын жұмысқа кіргізді. Күніне он сағаттан жұмыс істейтінмін. Сол үшін өзім қатарлы балалар сияқты мектепте оқи алмадым. Он төртке келгенде, темір өңдеу шеберханасында ұста болып жұмыс істей бастадым.

1975 жылы мен Солтүстік Африкадағы Испанияның шетелдік легионына қосылып, олардың бірегей формасын кидім

 1975 жылы әскерге шақырылдым. Испанияда әскерге бару міндетті болып табылады. Содан тәуекелге бел байлап, Испанияның шетелдік легионына тіленіп бардым. Бұл әскер Солтүстік Африкадағы Испанияға тиесілі аумақта, Мелилья қаласында еді. Содан бастап есірткі мен ішімдікке тәуелді өмірге белшемнен батып кеттім.

 Әскерден қайтып келген соң, Барселонада қылмыстық топ құрдым. Біз қолымызға ілінгенді ұрлайтынбыз. Кейін оны сатып, сол ақшаға есірткі алып қабылдайтынбыз. Есірткінің ЛСД, амфетамин деген түрлерін қабылдадым, азғындыққа, маскүнемдікке, құмар ойындарға салындым. Мұндай лас өмірдің кесірінен мен қатыгез болып кеттім. Қолымда үнемі не пышақ, не балта, не мачете қылышы жүретін. Қажет болса, оларды сермеп қалудан еш қорықпайтынмын.

 Бірде біз топ болып көлік ұрладық. Сол кезде артымыздан полиция қуа жөнелді. Бұл тура кинодағыдай болды: біз әлгі ұрланған көлікпен 30 шақырымдай жүріп өткен соң, полиция бізге қарай оқ ата бастады. Ақырында көлік апатқа ұшырап, бәріміз оқиға орнынан қашып кеттік. Әкем бұны білгенде, мені үйден қуып жіберді.

 Содан кейін мен бес жыл бойы көшеде өмір сүрдім. Есік табалдырықтарында, жүк көлігінде, саябақтағы отырғышта, зираттарда түнеп жүрдім. Үңгірді паналаған кезім де болды! Өмірімнің мәні құрыды, тірі болсам да, өліп қалсам да, бәрібір еді. Есірткінің әсерімен білегімді кескенім есімде. Тыртығы әлі күнге дейін бар.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

 28 жасымда анам мені іздеп тауып алып, үйге оралуды өтінді. Мен келістім де, анама бұдан былай дұрыс өмір сүремін деп уәде бердім. Бірақ сөзімде тұру үшін біраз уақыт кетті.

 Бір күні түскі уақытта үйге Ехоба куәгерлері келді. Оларды тыңдап тұрғанда, үйдің ішінде отырған әкем айқайлап, есікті жабуды бұйырды. Біреудің маған бұйыра сөйлегенін ұнатпайтындықтан, әкеме құлақ аспадым. Сөйтіп, Куәгерлер берген кішкентай үш кітапты қуана алдым. Қай жерде жиналатындарын сұрап, бірнеше күннен соң Патшалық сарайына бардым.

 Олардың ұқыпты киімі бірінші болып көзіме түсті. Ал менің шашым өсіп кеткен, сақалым ұйпа-тұйпа, киімім тоз-тоз еді. Елден ерекше болып тұрғандықтан, Патшалық сарайына кірмей, сыртында тұра берейін дедім. Бірақ араларынан кезінде қылмыстық топтың мүшесі болған бұрынғы танысым Хуанды көріп қалдым. Өзі костюм киіп алыпты. Кейін оның бір жыл бұрын ғана Ехоба куәгері болғанын білдім. Оны көрген соң, ішке батыл кіріп, жиналысқа қатыстым. Содан кейін бәрі өзгере бастады.

 Киелі кітапты зерттеуге келіскен соң, бірден түсінгенім — Құдайға жаққым келсе, қызба мінезім мен өнегесіз өмірімді тастауым керек еді. Алайда жақсы жаққа қарай өзгеру оңай болған жоқ. Ехоба Құдайға ұнамды болу үшін, “ой-санамды жаңартып, түбегейлі өзгеруім” керектігін білдім (Римдіктерге 12:2). Құдайдың мейірімділігі жүрегіме қатты әсер етті. Қанша қателік жасасам да, ол маған бәрін жаңадан бастауға мүмкіндік берген еді. Ехоба жайлы оқып-білгенім жүрегімнен терең орын алды. Қамымды ойлайтын Жаратушының бар екеніне көзім жетті (Петірдің 1-хаты 5:6, 7).

 Бұл өзгеруіме қозғау салды. Бірде зерттеу сабағында темекі тақырыбын өттік. Сол кезде: “Егер Ехоба менің барлық жағынан таза болып, арамдалмағанымды қаласа, темекінің көзін құртуым керек!”— деп ойладым (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Сөйтіп, оны қоқыс жәшігіне лақтырып тастадым!

 Есірткі қабылдап, оны сатуды да қоюым керек еді. Бұған көбірек уақыт пен күш жұмсадым. Есірткіден құтылу үшін баяғы таныстарыммен араны үзу керектігін түсіндім. Олардың ықпалы рухани өсуіме кедергі етіп жатқан еді. Уақыт өте келе мен Құдайдың және қауымдағы жаңа достарымның көмегіне жүгінуді үйрендім. Олар мен ешқашан сезінбеген сүйіспеншілікті танытып, көңіл бөлетін. Айлар өте ақырында нашақорлықтан арылып, Құдайдың ықыласына кенелтетін “жаңа болмысқа ие бола” алдым (Ефестіктерге 4:24). 1985 жылдың тамызында шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдым.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ

 Киелі кітаптың арқасында өмірімді ретке келтірдім. Денсаулығымды зақымдап, қадірімді кетірген жаман өмір салтынан құтылдым. Кезінде қоян-қолтық араласқан 30-дан аса досым ЖИТС ауруынан және есірткіден пайда болатын басқа да кеселдерден жастайынан өліп кетті. Киелі кітаптың ақыл-кеңесіне құлақ асқанның арқасында мен де сондай қайғылы жағдайға душар болмағаныма қатты қуанамын!

 Енді мен зорлық-зомбылыққа бейім болған жас шағымдағыдай пышақ пен балта алып жүрмеймін. Оның орнына, бір күні қолыма Киелі кітап алып, адамдарға көмектесіп жүремін деп ойламаппын. Қазір әйелім екеуміз Ехоба куәгері ретінде толық уақытты қызмет атқарамыз.

 Ата-анам мен сияқты Ехоба куәгері болған жоқ, бірақ олар Киелі кітапты оқудың маған пайдасы тигеніне риза болды. Әкем тіпті бірде бүкіл әріптестерінің алдында Куәгерлерді қорғап сөйлепті. Жаңа қабылдаған нанымдарымның арқасында өмірімде тамаша өзгерістер жасағанымды ол анық түсінді. Анам: “Киелі кітапты баяғыдан-ақ зерттегеніңде ғой”,— деп жиі айтатын. Мен онымен толықтай келісемін!

 Басымнан өткен жағдайлардан есірткі не басқа да жаман әдеттерден қанағат іздеудің қандай ақымақтық екенін білдім. Қазір мен Құдай Сөзіндегі өмірімді сақтап қалған тәлімді басқа адамдарға жеткізуден нағыз қанағат сезінемін.