Ехоба куәгерлері неге саясатқа араласпайды?
Ехоба куәгерлері Киелі кітапқа негізделген діни көзқарастарына байланысты саясатқа араласпайды. Біз митингтерге шықпаймыз, қандай да бір саяси партияға не кандидатқа дауыс бермейміз, мемлекеттік қызметке ұмтылмаймыз және үкімет басындағыларды биліктен кетіруге тырыспаймыз. Өйткені бейтараптық сақтауға Киелі кітапта келелі себептер бар:
Біз Иса пайғамбардың жолымен жүреміз. Ол жерде болған кезінде саясатқа араласпай, патша болудан бас тартқан (Жохан 6:15). Ол шәкірттеріне осы дүниелік болмауды және саяси мәселелерде қандай да бір тарапты жақтамау керектігін үйреткен (Жохан 17:14, 16; 18:36; Марқа 12:13—17).
Біз Құдай Патшалығының азаматымыз. Иса осы үкімет туралы: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады”,— деген (Матай 24:14). Құдай Патшалығының өкілдері болғандықтан, бізге осы үкіметтің орнайтынын басқаларға айту тапсырылған. Сондықтан ешқандай елдің, тіпті өзіміздің тұрып жатқан жеріміздің де саясатына араласпаймыз (Қорынттықтарға 2-хат 5:20; Ефестіктерге 6:20).
Бейтарап болғандықтан, біз Құдай Патшылығы туралы хабарды кез келген адамға, ол қандай саяси қөзқараста болса да, таза ар-ұжданмен айта аламыз. Біз Құдай Патшалығы адамзаттың барлық проблемаларын шешіп беретініне сенетінімізді сөзімізбен де, ісімізбен де көрсетеміз (Зәбүр 56:11).
Саясатқа араласпағандықтан, біз бірлігі жарасқан дүниежүзілік бауырластықты құраймыз (Қолостықтарға 3:14; Петірдің 1-хаты 2:17). Ал саясатқа араласатын діндерде мұндай бірлік жоқ (Қорынттықтарға 1-хат 1:10).
Билікке құрмет танытамыз. Саясатқа араласпасақ та, біз өзіміз тұрып жатқан елдің билігіне мойынсұнамыз. Өйткені Киелі кітапта: “Әрбір адам билік басындағыларға бағынсын”,— деген бұйрық жазылған (Римдіктерге 13:1). Біз заңға мойынсұнамыз, салықтарды төлейміз және билік басындағылардың өз азаматтарының өмірін жақсарту үшін жасайтын шараларын қолдаймыз. Біз билікке қастандық жасамаймыз, қайта “патшалар мен жоғары дәрежелі адамдар үшін де дұға етіңдер” деген Киелі кітаптың кеңесіне құлақ асамыз. Әсіресе олар біздің ғибадатымызға әсер ететін шешім қабылдағанда, осылай етеміз (Тімөтеге 1-хат 2:1, 2).
Сонымен қатар біз басқалардың саяси көзқарастарын құрметтейміз. Мысалы, болып жатқан сайлауға кедергі жасамаймыз, біреудің дауыс беруіне де тосқауыл болмаймыз.
Біздің бейтараптығымыз жаңашылдық па? Жоқ, олай емес. І ғасырдағы елшілер мен басқа да мәсіхшілер мемлекеттік билікке тура біз сияқты қараған. Бұл туралы бір кітапта былай жазылған: “Алғашқы мәсіхшілер билікке құрмет көрсетуді міндет санағанмен, саясатқа араласуды құптамаған” (“Beyond Good Intentions”). Ал басқа бір кітапта І ғасырдағы мәсіхшілердің “мемлекеттік қызмет атқармағандары” айтылған (“On the Road to Civilization”).
Біздің бейтараптығымыз ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіре ме? Жоқ, төндірмейді. Біз бейбітсүйгіш адамдармыз, бізден қорқуға ешқандай негіз жоқ. Украинаның Ұлттық ғылым академиясының 2001 жылғы есебінде біздің саяси бейтараптығымызға қатысты былай делінген: “Ехоба куәгерлерінің саясатқа араласпайтыны, бәлкім, кейбіреулерге ұнамайтын шығар. Осы себептен де олар нацистік және коммунистік режим кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған еді”. Тіпті Кеңес үкіметінде репрессияға ұшырғанда да куәгерлер “заңға бағынатындарын көрсеткен. Олар колхоздар мен өнеркәсіп орындарында адалдықпен бел жазбай еңбек еткен. Совет билігіне Куәгерлер ешқандай қауіп-қатер төндірмеген”. Есепте айтылғандай, бүгінгі күнде де Куәгерлердің діни сенімдері мен атқарып жүрген іс-шаралары “ешқандай мемлекеттің қауіпсіздігі мен біртұтастығына қауіп төндірмейді”.