Мазмұнға өту

Бауырластар Ботсванада қызметтің әр түріне қатысып жатыр

19 АҚПАН, 2024
БОТСВАНА

Ботсванадағы діни бостандыққа 50 жыл

Ботсванадағы діни бостандыққа 50 жыл

2024 жылдың 20 ақпанында Ботсванадағы Ехоба куәгерлерінің заңды түрде тіркелгеніне 50 жыл болды. 1974 жылға дейін осы елдегі ісімізге шектеулер қойылған еді, тіпті біраз уақытқа тыйым салынды да.

Махалапьедегі аудандық конгресте суретке түсіп жатқан бауырластар (1965 жыл)

Патшалық туралы хабар алғаш рет Ботсванаға (ол кезде Бечуаналенд) 1929 жылы жетті. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыстан ел шошынғандықтан, үкімет 1941 жылы біздің ісіміз бен Киелі кітап әдебиеттерін таратуға шектеулер қойды. Ал 1959 жылы шектеулер алынып тасталғанда, Ехоба куәгерлері сәл де болса тыныш жағдайда өздерінің рухани істерін жалғастыра алды.

1972 жылы Ботсванадағы бүкіл ұйымдар мемлекеттік тіркеуден өтсін деген жаңа заң қабылданды. Бауырластарымыз тіркеуден өтуге әрекеттенгенде, оларға рұқсат бермей қойды, о түгіл барлық діни ісімізді тоқтатуды айтты. Бұған 20-ақ күн берді. Осылай Ехоба куәгерлеріне тыйым салынып қалды! Егер кімде-кім уағыздаса я қауым кездесуіне барса, жеті жылға дейін темір торға қамалар еді. Бірақ бауырластарымыз жасырын түрде жинала берді. Кейде олар кездесулерін шалғайда өткізіп жүрді. Сол кезді есіне алып Томми Марупинг бауырлас былай деді: “Ісімізге тыйым салынғанына қарамастан, біз уағыздауға және кездесулерді өткізуге одан бетер бекіндік. Біз Ехобаның қасымызда болатынына сендік. Ол бізбен бірге болды да!”

2023 жылы Габоронеде өткен “Шыдамды болайық!” атты аймақтық конгресі

1974 жылдың 20 ақпанында үкімет өз шешімін өзгертіп, Ехоба куәгерлері діни ұйым ретінде ресми түрде тіркелді. Қазіргі таңда 2400-дей жариялаушы 42 қауымда қызмет етіп жүр. Қауым кездесулері ағылшын, ботсвана ым тілі, каланга (Ботсвана), сетсвана және шона тілдерінде өтеді. Хью Кормикан бауырлас Ботсванада тыйым алынғаннан кейін көп ұзамай миссионер болып қызмет еткен. “Әлі күнге дейін бауырластардың сенімі тас қамалдай берік. Біз кездесулеріміз бен конгрестерімізді еркін өткізе аламыз. Осының арқасында Ехобаның халқы ретінде өзара бірлікте екенімізді сезінеміз”.

Ботсванадағы бауырластарымыздың табандылығы мына жайтты тағы да растай түседі: Ехоба адалдықпен “оның өсиеттерін орындауға” ұмытылып жүргендерді дәйім жарылқайды (Жоханның 1-хаты 5:3).